Жеті шелпектің шарапаты Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, алтын тас жатыр. «Құдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде, алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді. – Ей, бейшара не тапсаң да, өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын» – деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кім де кім құтқаратын болса, соны жұтамын» – деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын, – дейді. Жолаушы шыр-пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет оның көзі отыз жолаушыны шалады. Қуанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып: – Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, – деп кетіп қалады. Жылан жақындай түседі. Бейбақ: – Өлген жерім осы болды ғой, – дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді. Жолаушы құтқар деп жалынады. – Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? – деп, олар да кетіп қалады. Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады. – Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап: – Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың? Жолыңнан қалма, – дейді. Аласа адам: – Ей, жылан, жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді, – дейді. Жылан бұлқан-талқан ашуланып: – Сандықтан қалай шықсам, солай сыйып та кетемін, – дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Аласа адам сандықты тарс жауып: – Жыланнан құтылдың. Енді жолыңнан қалма, – дейді. Жолаушы қуанып: – Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің? – дейді. – Бұл жылан – орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы – тілден. Орынсыз сөз иесін қабады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі ұстамаған оразаң, бес кісі қаза қылған бес уақыт намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшіктерге садақа бердің. Мен – өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, – депті. #omirlik

Теги других блогов: продвижение SEO Google